Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз


Алматы облысында вегетациялық кезең сәтті өтті

Ағымдағы жылы Алматы облысында вегетациялық кезең сәтті өтті. Өңірдің фермерлері сумен жеткілікті көлемде қамтамасыз етілді.

Жарияланған күні мен уақыты: 16.09.2022, 17:30

Биыл өңірдің негізгі тау өзендерінде ағын тұрақты болды, бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің суармалы суын қамтамасыз етуге оң әсерін тигізді. Вегетациялық кезеңде берілген суармалы судың жалпы көлемі 625 млн. м3 құрады. Ағымдағы жылы судың тұрақты берілуін ескере отырып, өткен жылдармен салыстырғанда суармалы дақылдардың шығымдылығын арттыру күтілуде.

Бұған БАҚ өкілдері «Қазсушар» РМК-ның Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналына (ҮАК) ұйымдастырған баспасөз туры барысында көз жеткізді.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Саймасай ауылындағы «Айдарово» шаруа қожалығының басқарушысы Магомед Гагалов журналистерге берген сұхбатында: «Биылғы жылы сумен ешқандай мәселелер болған жоқ, вегетациялық кезең өте жақсы өтті. Егістіктің жалпы ауданы – 280 га, оның 220 га – азықтық жүгері, қалғаны – жоңышқа. Біз жақсы өнім өсірдік, әр гектардан кем дегенде 10 тонна жүгері күтіледі. Мен бұл салада 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін, соңғы жылдары бізде тек өнімділіктің артуы байқалады»-деді.

Өз кезегінде жергілікті фермер Жанболат Ахметов: «Біздің алма бағымыздың жалпы ауданы - 150 га, 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Бізде 2000 жылдары отырғызылған алманың алуан түрі бар, Германия мен Италияның технологиялары енгізілді. Бір гектардан орта есеппен 40 тонна алма жинаймыз, ал кейбір сорттар бойынша – одан да көп. Бұл көрсеткішті гектарынан 60 тоннаға дейін жеткізу жоспарда бар. Егер біз де қарқынды жұмыс істейтін болсақ, онда осы нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Біздің алмаларымызды, мысалы, Моңғолия, Ресей, БАӘ (Дубай), Алматы сатып алады. Д. Қонаев атындағы ҮАК арқасында, біз су мәселесін бастан кешірмейміз, тамшылатып суару арқылы суды ұтымды пайдаланамыз. Ыстық күндерде, температура 30 градусқа жеткенде, біз әр ағашқа күніне екі литрге дейін су қолданамыз, әдеттегі күндерде-шамамен 1-1,5 литр. Бұл өте тиімді: су аз пайдаланылады, ал шығындар аз, ал ағаштар арық жүйесімен салыстырғанда көбірек ылғал алады» - дейді.

Айта кетейік, Үлкен Алматы каналының ықпал ету аймағы (ұзындығы 168,2 км.) Бартоғай су қоймасымен бірге Шелек - Шамалған өзендері аралығын қамтиды. Мұнда Алматы облысының 4 ауданы орналасқан: Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле және Қарасай, сондай-ақ Алматы қ., Есік, Талғар, Қаскелең аудан орталықтары, Шелек ауылы және т.б. бұл ретте ҮАК ықпал ететін аймақтағы суармалы жерлер Алматы қ. ауыл шаруашылығының өнімдерімен және Алматы облысы халқының негізгі бөлігін қамтамасыз етеді.

Қазіргі уақытта Бартоғай су қоймасы мен ҮАК су шаруашылығы кешені Алматы облысының екі ауданы: Еңбекшіқазақ және Талғар суармалы жерлерінің 60 мың га-ға жуығын сумен қамтамасыз етеді. Бұл ретте Алматы қаласына, Іле және Қарасай аудандарына су бактардың және оған іргелес суару желілерінің тозған жай-күйі себебінен берілмейді.

«Қазсушар» РМК Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалының директорының орынбасары Мейрам Арыстанов баспасөз туры барысында БАҚ өкілдерімен болған әңгімеде «Бартоғай су қоймасының толық көлемі 320 млн текше метрді құрайды, оның 250 млн текше метрі – пайдалы, реттелетін көлем және 70 млн текше метрі – «өлі» көлем, ол әдетте шөгінділерді жинау үшін пайдаланылады», биылғы жылы сулылыққа қатысты қолайлы жағдай болғандықтан, біз «өлі» көлемді пайдаланбадық, бірақ 2020-2021 жылдары су тапшылығы сезілген кезде біз осы резервтерді де сумен қамтамасыз етуге жіберуге тура келді. Бүгінгі таңда вегетациялық кезең сәтті аяқталғаннан кейін су көлемі 80 млн текше метрді құрайды, қыркүйек айының соңына қарай су қоймасынан су ағызуды жауып, келесі вегетациялық кезеңге дейін жинақтау режиміне көшеміз. Осы Бартоғай су қоймасындағы мұндай су қақпалары Қазақстанда жоқ екенін атап өтемін» - деп атап өтті.

Мейрам Арыстановтың айтуынша, Бартоғай су қоймасының жұмысы басталғаннан бастап қазіргі уақытқа дейін күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Таяудағы 2-3 жылда су қоймасын толық реконструкциялау, автоматтандыру мен су есепке алуды енгізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта қазір тиісті жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда.

Анықтама:

Шелек-Шамалған өзендері аралығындағы судың негізгі көздері: Бартоғай су қоймасы және ұзындығы 168,2 км Үлкен Алматы каналы бар Шелек өзені, бас шығыны 87 м3/с.

Бұдан басқа, осы аудандағы ең маңызды өзендер: Түрген, Есік, Талғар, Кіші және Үлкен Алматы, Ақсай, Қаскелең және Шамалған, сондай-ақ көптеген ұсақ Қарасу бұлақтары.

ҮАК және Бартоғай су қоймасы өзен бассейндеріндегі суды қайта бөлу есебінен қолданыстағы суару жүйелерін Шелек-Шамалған өзендері аралығының бірыңғай Су шаруашылығы жүйесіне біріктіруге мүмкіндік береді.