Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз


Су ресурстары – елдің тұрақты дамуының элементі

Экология министрлігінің алқа отырысында вице-министр С.Қожаниязов 2021 жылдың қорытындысы мен 2022 жылға арналған жоспарлар бойынша су саласының дамуы туралы баяндама жасады.

Жарияланған күні мен уақыты: 28.02.2022, 17:16

«Соңғы бірнеше жылда су ресурстары елдің тұрақты дамуының маңызды элементтерінің біріне айналып отыр.  Біздің еліміз трансшекаралық ағындарға байланысты, сондықтан шектес елдермен өзара тиімді ынтымақтастық елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі факторы болып табылады», - деп атап өтті өз сөзінде вице-министр.

Трансшекаралық ағынға Арал-Сырдария, Жайық-Каспий және Шу-Талас бассейндері неғұрлым тәуелді болып келеді. Сондықтан осы бағыт бойынша қазақстандық тарап көрші елдердегі әріптестерімен тұрақты жұмыс жүргізуде.

Мәселен, Сырдария өзенінің бассейні бойынша Өзбекстанмен бірлесіп Қырғызстан және Тәжікстанмен электр энергиясымен тауар алмасу жүзеге асырылады, бұл Тоқтоғұл және «Бахри-Точик» су қоймаларынан қосымша су ағызуды қамтамасыз етеді.

Қырғызстанмен Орто-Токой және Киров су қоймаларының жұмыс режимдерін бекіту, сондай-ақ Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде мемлекетаралық пайдалану арналары бойынша су беру кестесін бекіту жұмыстары жүргізілуде.

2021-2024 жылдарға арналған Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының бағдарламасы қабылданып, іске асырылуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және реконструкциялау, суару арналарын цифрландыру жұмыстары жүргізілуде.

Өткен жылы 1050 км суару каналдары қайта жаңартылды, бұл 78 мың га жерді қалпына келтіруге және 13 мың га суармалы жерде сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік берді. Каналдардағы 6 мыңға жуық гидротехникалық құрылыстар реконструкцияланды және тік дренаждың 95 ұңғымасы қалпына келтірілді. 16 арна цифрландырылды. Нәтижесінде су шығыны 273 млн. м3 қысқарды.

С. Қожаниязов: «2021 жылы су аз болып, вегетациялық кезең оңтүстік өңірлерде өте қиын өтті. Уақытылы қабылданған шаралардың нәтижесінде фермерлерді көп шығынсыз суармалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. Биылғы жылғы вегетация да қиын жағдайда өтеді».

Вегетациялық кезеңге дайындық шеңберінде Ауылшаруашылығы министрлігі, жергілікті атқарушы органдар, Су шаруашылығы ұйымдары мен фермерлер өкілдерінің қатысуымен Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Алматы облыстарында көшпелі жиындар өткізілді.

Өткізілген жиындардың қорытындысына сәйкес әр облыс бойынша әкімдіктер мен фермерлерге ұсынымдар, сондай-ақ бассейндік инспекциялар мен «Қазсушар» РМК-ға фермерлерді суармалы сумен тұрақты қамтамасыз етуде қосымша шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар берілді.

Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша 2021 жылы Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында (жалпы ұзындығы 800 км) 5 топтық су құбыры жөнделді. 6 мыңға жуық тұрғыны бар 5 ауылдық елдімекен сапалы ауыз суға қол жеткізді және 203 мың халқы бар 51 ауылдықө елдімекен мен 3 қалада (Жезқазған, Сәтбаев, Макинск) сумен жабдықтау жақсартылды.

Экология министрлігі «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын іске асыруда, оның шеңберінде 2025 жылға қарай суару кезіндегі шығынды 4 км3-ке қысқарту, ал өнеркәсіпте таза су алу көлемін 1,3 км3-ке азайту бойынша жұмыстар атқаруда.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес қазіргі уақытта келіссөздер процестеріндегі Қазақстанның позициясын күшейтуді, Су ресурстары комитеті мен оның бассейндік инспекцияларының кадрлық әлеуетін нығайтуды көздейтін мемлекеттік су саясатын іске асыру бойынша негізгі тәсілдер әзірленуде. Бұл тәсілдер белгіленген мерзімде Үкіметке енгізілетін болады. Ұсынылып отырған шараларды іске асыру үшін заңнамалық өзгерістер талап етіледі және осыған байланысты жаңа Су кодексін әзірлеу бойынша жұмыс басталды.

Сөз соңында вице-министр С. Қожаниязов 2022 жылға арналған жоспарларды да айтты. Ол биылғы жылдың соңына дейін Шығыс Қазақстан облысында 3 апатты су қоймасы (Удине, Чар, Қарғыба) қалпына келтірілетінін атап өтті. 9 жаңа су қоймасын салу шеңберінде 2025 жылға дейін Қызылорда облысында Қараөзек су қоймасының құрылысы басталады және 5 су қоймасын (Ақмола-1, Жамбыл-3, Батыс Қазақстан – 1) салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу аяқталады.

Шамамен 1720 км магистральдық және шаруашылықаралық арналар (оның ішінде 712 км ПУИД-2) реконструкцияланады, бұл 80 мың гектарды қалпына келтіруге және 24 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, арналардағы шамамен 14 мың гидротехникалық құрылыс қалпына келтіріліп, 676 км коллектор реконструкцияланып, 23 канал цифрландырылады.

Жоғарыда аталған шараларды іске асыру нәтижесінде жыл сайынғы су шығыны 458 млн.м3-ге азайтылатын болады.

Сондай-ақ, Қарағанды, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында ұзындығы 194 км топтық су құбырларын салу мен реконструкциялаудың 5 жобасы бойынша жұмыс жүргізілуде, бұл халқының саны 300 мыңнан асатын 94 ауылдық елдімекенді сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді.