Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз


Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде әзірленіп жатқан Жаңа Су кодексі аясында мемлекеттік қадағалау мен су қорын пайдаланудың негізгі мәселелері талқыланды

Бүгін су қорын қорғау және пайдалану саласында мемлекеттік қадағалауды енгізу бойынша реттеушілік әсерді талдаудың қоғамдық талқылауы өтті. Мемлекеттік қадағалауды енгізу су заңнамасын бұзушылықтардың салдарын болдырмауды, анықтауды, жолын кесуді және жоюды, соның салдарынан су қатынастарының барлық субъектілері үшін әділ және тең сумен қамтамасыз етуге жағдай жасауды көздейді. Іс-шараның модераторы – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Темірбекұлы Аяшев, спикер – Су ресурстары комитетінің Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы Марат Уәлиханұлы Иманалиев, сондай-ақ ҚР Су саласының ардагерлері.

Жарияланған күні мен уақыты: 19.08.2022, 19:45

Сөз басында М.Иманалиев су – қоршаған табиғи ортаның негізгі элементі екенін, соның арқасында барлық экожүйелер өзінің өміршеңдігін сақтап, қоршаған ортаны қалыптастыруды және адам үшін өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ететінін атап өтті. Су адамның экономикалық қызметінің барлық түрлерінде – тамақ өнімдері мен өнеркәсіптік өнімдерден бастап энергия өндірісіне дейін өте қажет, бұл суды өндіріс үшін экономикалық құндылық (ресурс) ретінде қарастыруға итермелейді. Қазақстанның су ресурстары - бірегей және осал жүйе, ол басқа елдерге қарағанда қауіпке көбірек ұшырайды.

Біріншіден, Қазақстанның су ресурстары жаһандық жылынудың салдарына тәуелді, мұздықтардың еруінің уақытша ұлғаюы су ресурстарының болашақ көлемдеріне әсер етеді. Егер 2000 жылдары орташа көпжылдық өзен ағыны 120 км3 болса, қазіргі уақытта ол шамамен 102 км3 құрайды. 2030 жылға қарай өзен ағынын одан әрі 99,4 км3 дейін қысқаруы болжанып отыр. Бұл ретте қазіргі кезеңде су ресурстарының тапшылығы байқалады. Мәселен, Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарының экономика салалары, әсіресе ауыл шаруашылығы су ресурстарының тапшылығын бастан кешіруде. Осы облыстардың қолда бар су ресурстары халық пен экономика салаларының қажеттіліктерін өтемейді. Нәтижесінде су алу қоршаған ортаға зиян келтіреді.

Екіншіден, Қытайдан, Ресейден, Өзбекстаннан және Қырғызстаннан келетін және жерүсті сулары ағынының 44%-ын құрайтын трансшекаралық суларға тәуелділік. Көрші елдердің экономикалық және әлеуметтік дамуының жеделдеуіне байланысты трансшекаралық өзендер бойымен ағу азаюда. Ел халқының жартысынан көбі тұратын және олардың тіршілік ету жағдайлары сумен қамтамасыз етуге тікелей тәуелді оңтүстік және Батыс өңірлер трансшекаралық ағынға барынша тәуелділікті сезінуде. Сондай-ақ, оңтүстік өңірлердің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі үлесі шамамен 70%-ды құрайтынын атап өту қажет. 

Үшіншіден, өсіп келе жатқан ресурстар тапшылығы аясында үлкен шығындарға (су шаруашылығы инфрақұрылымының үлкен тозуына байланысты тасымалдау кезінде суармалы судың шамамен 40%-ы жоғалады) және экономика салаларында суды қажет ететін технологияларды пайдалануға байланысты су ресурстарын тиімсіз пайдалану байқалады.

Ел экономикасына Ресей немесе АҚШ-қа қарағанда жалпы ішкі өнімнің бір долларына 3 есе және Австралияға қарағанда 6 есе көп су қажет. Өнім бірлігін өндіруге 129 м3 су жұмсалады, ал АҚШ пен Ресей Федерациясында – 44 м3, Австралияда – 21 м3.

Сондай-ақ, спикер өнімсіз су ысыраптары туралы айтты. Осылайша, 2015 жылдан бастап суды пайдалану көлемінің шамалы ғана төмендеуімен (25,1 км3 - 23,1 км3) су пайдаланушылар санының әлдеқайда азаюы байқалады(2015 жылы 3866-дан 2021 жылы 2861-ге дейін).

М.Иманалиев барлық адамдар объективті себептер бойынша климаттық процестерге және трансшекаралық су бөлуге тәуелділікке біздің ықпал ету шектеулі екендігімен келісетіндігін атап өтті, демек, үшінші фактормен, атап айтқанда суды пайдаланудың тиімсіздігімен жұмыс істеу қажет.

Жоғарыда айтылғандай, судың негізгі шартты «бенефициарлары» - табиғат, халық, экономика немесе бизнес. Олардың арасында судың талаптары, оның мөлшері мен сапасы туралы қарым-қатынас қалыптасады, ал су тапшылығының аясында мемлекет осы қатынастардың ережелерін анықтауы керек. Осы мақсатта мемлекет заңнамалық талаптарды (су пайдалану лимиттерін, су тұтыну нормаларын, су сапасының стандарттарын және т.б.), мемлекеттік қолдау шараларын (субсидиялар, әкімшілік рәсімдерді оңайлату, салық преференциялары және т. б.) белгілейді және инфрақұрылымдық жағдайлар жасайды.

Екінші жағынан, мемлекет барлық бенефициарлардың мүдделерін сақтау үшін қабылданған ойын ережелерін бұзғаны үшін заңды жауапкершілікті белгілеуге құқылы. 

Осылайша, енгізуге ұсынылатын мемлекеттік қадағалау табиғат, халық және адал кәсіпкерлердің мүдделерін жекелеген жосықсыз су пайдаланушылар тарапынан су заңнамасын бұзудың теріс салдарларынан қорғауға бағытталған. Бұл ретте су қорын қорғау және пайдалану саласындағы жергілікті атқарушы органдардың іс-әрекеттері мен шешімдері қадағалау объектілері болып табылатынын атап өткен жөн.

Енгізілетін құралдың міндеті кәсіпкерлік субъектісін жазалау емес, су пайдаланушының өзінің де, басқа да бенефициарлардың мүддесі үшін ықтимал бұзушылықтардың уақтылы алдын алу, ал егер бұзушылық орын алған болса, табиғат пен халыққа келтірілген зиянды барынша азайту мақсатында заңсыз іс-әрекеттерді ден қою және тоқтату болып табылатынын атап өту қажет. 

Судың өзіндік ерекшелігін (су ресурстарының тапшылығы, осалдығы, келтірілген залалдың таралу ауқымы, субъектілердің белгісіз тобының бір субъектінің құқыққа қарсы әрекеттеріне тәуелділігі және т.б.) ескере отырып, уәкілетті орган барлық бенефициарлардың мүддесі үшін су ресурстарының қайтымсыз ысырабын, ластануын, қоқыстануын, сарқылуын болдырмау үшін бұзушылық фактілеріне ден қоюдың жеделдігін талап етеді.

Жоғарыда баяндалғанға байланысты Су ресурстары комитетінің су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және Су кодексінің жобасына су қорын қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік қадағалауды енгізу бөлігінде тиісті түзетулер енгізуді ұсынды. 

Сондай-ақ бақылау және қадағалау объектісіне бармай жүргізілетін тексерулер анықталатын болады, бұл қолданыстағы Су кодексінде жоқ. Тиісінше, олар мемлекеттік қадағалауға жатпайды.

Толығырақ Су кодексінің өзі мен ілеспе заң жобасын жүргізу кезінде де талқыланады. 

Осылайша, Марат Уалиханұлы Иманалиев ҚР ЭГТРМ СРК мемлекеттік қадағалауды кәсіпкерлік субъектілерін қорқыту немесе оларға қысым жасау құралы ретінде пайдалану міндетін қоймайтынын тағы да атап өтті. 

«Бұл ұсыныстың мәні ұзақ мерзімді жоспарлау көкжиегінде біздің барлығымыз (мемлекет, қоғам, бизнес) еліміздің су қауіпсіздігі үшін болашақ ұрпақтың алдында моральдық және әлеуметтік жауапкершілікте болатындығында. Егер біз су ресурстарымызға салғырт қарауды жалғастыратын болсақ, онда бәрі жеңілетінін түсіну қажет. Біз су қатынастарының жекелеген жауапсыз қатысушыларына қайтымсыз салдарға әкеп соғуы мүмкін құқық бұзушылықтар жасауға мүмкіндік бере алмаймыз» - деп атап өтті Су ресурстары комитетінің Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы Марат Уәлиханұлы Иманалиев.

Өз сөзінің соңында Марат Уәлиханұлы су саласының ардагерлерімен бірге жиналған мүдделі тұлғалардың, қоғам қайраткерлері мен журналистердің сұрақтарына жауап берді. Барлық ұсыныстар мен ескертулер тыңдалып, назарға алынды.