Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз


Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – Экология министрлігінің басым міндеттерінің бірі

Бүгін ҚР Үкіметінің отырысында қалалық және ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау мәселелері қаралды.

Жарияланған күні мен уақыты: 04.05.2022, 17:01

Баяндама жасаған ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.Бекешев халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету Министрліктің басым міндеттерінің бірі екендігін атап өтті.

Су кодексіне сәйкес Министрлік елді мекендердің шекарасына дейін сумен жабдықтау жөніндегі функцияларды жүзеге асырады және топтық су құбырларын салу және реконструкциялау жөніндегі бюджеттік бағдарламаның әкімшісі болып табылады.

Қазіргі уақытта республика бойынша барлығы ұзындығы 15,5 мың километр 76 топтық су құбыры бар. Оның ішінде ұзындығы 13,4 мың километр құрайтын 39 топтық су құбыры республикалық меншікте. Олар 1,4 млн. адам саны бар 655 ауылдық елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етуде.

Былтыр Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында су құбырларын салу және реконструкциялау жөніндегі 5 объекті пайдалануға берілді. Сондай-ақ тестілік режимде Ақтөбе, Қарағанды және Қызылорда облыстарындағы 3 объекті бойынша сапалы ауыз су берілуде.

Нәтижесінде 800 километр желі салынды, жалпы 5,8 мың адам тұратын 5 ауылдық елді мекен сапалы ауыз суға қол жеткізді және 203 мың халқы бар 51 ауылдық елді мекен мен 3 қалада (Сәтбаев, Макинск және Жезқазған) сумен жабдықтау жақсартылды.

Биыл Есқұла су құбырын пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, Алматы, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 18 объектіні іске асыруға 6,1 млрд.теңге көлемінде қаражат бөлінді. Аяқталу мерзімі: 2023-2024 жылдар. Нәтижесінде жалпы саны 458 мың адамды құрайтын 158 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау жақсартылады.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін жалпы құны 33 млрд.теңге болатын
9 топтық су құбырларын салу мен қайта жаңарту жоспарлануда.

«Жалпы 2025 жылға қарай шамамен 1,2 мың километр топтық су құбырларын салып, 22,3 мың адам саны бар 41 ауылдық елді мекен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі және 33 мың адам тұратын 52 ауылдық елді мекенді сумен жабдықтау жақсартылады», - деді Министр.