Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз


СЕРІК ҚОЖАНИЯЗОВ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНА БАРДЫ

Жарияланған күні мен уақыты: 28.01.2022, 17:05

Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов пен «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Бас директоры Алтай Елжасов бірқатар аудандарды, су шаруашылығы нысандарын аралап, сала мамандарымен бірге өткен жылы атқарылған жұмыстарды пысықтап, алдағы мақсат-міндеттерді айқындады.

Меркі ауданына ат басын бұрған вице-министр құрылысы жүріп жатқан ұңғымалардың жай-күйін зерделеді. Меркі ауданында бүгінде 6 ұңғыманың құрылысы жүргізілуде. Жалпы облыс көлемінде 646 ұңғыма анықталған, оның ішінде Жамбыл филиалының теңгеріміндегі 46 ұңғыма, олар Меркі ауданының суармалы жерлерінің 2 694 гектарын сумен қаматамасыз етеді және қалғандары қазіргі уақытта ЕҚДБ қарызы бойынша құрылыс жүргізілуде. Ол ұңғымаларды алдағы үш жылда (2022-2024 жылдары) іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 179,8 мың гектар алқап сумен толық қамтылатын болады.

Серік Салауатұлы жерасты суын тиімді пайдаланудың маңыздылығын баса айтып, ұңғымалардың құрылысын жалғастыра беруді тапсырды. Сондай-ақ вице-министр Меркі ауданындағы алдағы уақытта салынатын шағын су қоймаларының құрылысымен танысты.

Серік Қожаниязов пен Алтай Елжасовтың Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесуінде де саладағы бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.

«Биыл да суармалы су тапшылығына қатысты жағдай қайталанып отыр. Сондықтан біз барлық мүмкіндіктер мен ресурстарды барынша пайдалануымыз керек. Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы саласында әлеуеті зор. Мерзімдерін өткізіп алған мердігерлерге келетін болсақ, олар барлық тәуекелдерді алдын ала есептеп шығуы керек еді. Ешнәрсеге қарамастан, компаниялар бастаған жұмыстарын аяқтау қажет. Сырғытпа жауаптар қабылданбайды. Тіпті болмаса, бұл мәселе заң аясында шешіледі. Кез келген бюрократиялық кідірістерге жол бермеу үшін құрамына жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, тапсырыс беруші және ЕҚДБ кеңесшісі кіретін жұмыс тобын құруды ұсынамын. Қазір бәрімізден стандартты емес, жедел шешімдер қажет», – деді Серік Қожаниязов.

Облыс әкімі вице-министрдің ұсынысын қолдап, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді. Сонымен қатар жиында «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалының директоры Қазыбек Бедебаев та бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.