Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз


Су басу қаупі бар аймақтар анықталды

Үкімет отырысында Экология министрі С. Брекешев су тасқыны кезеңіне дайындық туралы баяндады.

Су басу қаупі бар аймақтарға Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстары кіріп отыр.

Жарияланған күні мен уақыты: 23.02.2022, 17:12

Ал, тәуекел деңгейі орташа аймақтарға Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары жатады. Су аздығы қаупінің деңгейі жоғары өңірлер де анықталды. Олар – Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе және Атырау облыстары.

Жалпы, алдын ала болжам бойынша өзендердегі судың мөлшері қалыпты шегінде және одан төмен болады деп күтілуде.

Наурыз айының алғашқы күндерінде «Қазгидромет» РМК су тасқыны кезеңінің негізгі болжамын, сонымен қатар апта сайын гидрологиялық болжамды ұсынатын болады. Гидрометеожағдайлар кенет өзгерген жағдайда барлық қызметтер су тасқыны қаупі туралы 2-3 тәулік бұрын хабардар етіледі.

Министр гидротехникалық құрылыстарды тасқын суларды өткізуге дайындау мәселесіне де тоқталды.

Министрлік жанынан су тасқынына қарсы комиссиялар құрылғанын да айта кету керек. Тасқын суларды апатсыз өткізуге қажетті шаралар қабылдануда. Тәулік бойы кезекшілік және су шаруашылығы жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіледі.

Болжамға сүйене отырып, тасқынның қауіпсіз өтуі және жобалық көлемге дейін толтырылуы үшін су қоймаларының жұмыс режимдері реттелді. Бүгінгі таңда ірі су қоймаларының орташа толымдылығы 60-75% - ды құрайды, бұл қазіргі кезең үшін қалыпты жағдай.

Республика аумағында барлығы 1823 тірек гидротехникалық құрылыстар бар (республикалық меншікте – 581, коммуналдық меншікте – 979, жеке меншікте – 238, иесіз – 25). Биылғы жылғы қаңтардағы жағдай бойынша 1646 гидротехникалық құрлыстар тексерілді. Жөндеуді қажет ететін ең көп гидротехникалық құрлыстар Қарағанды облысында (226) орналасқан.

Гидротехникалық құрлыстардың барлық меншік иелеріне ағын суларды қауіпсіз өткізу және қажетті инертті материалдар мен техниканы дайындау үшін тиісті шараларды жүргізу туралы ұсыныстар жіберілді.

Су басу қаупін жою мақсатында Министрлік 41-ші авариялық су қоймасын және гидротехникалық құрлыстарды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. 2017-2021 жылдары 16 нысан қалпына келтірілді. Нәтижесінде 120 мыңнан астам тұрғыны бар 16 ауылдық елдімекенді (Алматы, Ақтөбе, ШҚО, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда және Түркістан облыстары) су басу қаупі жойылды. Оның ішінде Алматы облысындағы көлемі 42 млн. м3 Қызылағаш су қоймасы қайта жаңартылды. Биыл тағы 6 су қоймасын қалпына келтіру жоспарлануда. Қалған 19-ы 2025 жылдың соңына дейін қалпына келтіріледі.